Берлиндегі ақтық шайқас және гитлер әскерін талқандау сәтінде Рейхстагқа жеңіс туын тіккен алғашқы офицер барлау взводының командирі лейтанат Рақымжан Қошқарбаев болды. Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанын айшықтайтын осы жеңіс туралы мәліметті ресми тарих жасырып келді.
Қысқаша тарихи дерек:
27 ақпан 1933 жыл — Рейхстаг ғимараты өртенді. Адольф Гитлер және нацистер осы өрт арқылы өз биліктерін бекіте түседі. Нәтижесінде Германияда жүріп-тұру шектеліп, қанқұйлы соғысқа ұласқан репрессия басталады.
1 қыркүйек 1939 жыл. Вермахт және СС әскері неміс-поляк шекарасын кесіп өтіп, Польшаны басып алуға кіріседі. Дәл сол күні Адольф Гитлер Рейхстагта мәлімдеме жасады. Бұл күн - Екінші дүниежүзілік соғыстың басталған күні (1939-1945), адамзат тарихындағы ең алапат соғыстың бірі. Соғыс 70 миллионнан аса адамның өмірін қиды.
1945 жылдың сәуір айының ортасында кеңес әскері және поляк жауынгерлері Берлинге шабуылға шықты. Нацизм мен Үшінші Рейхтің символына айналған Рейхстаг шабуылдың басты нысанына айналды.
30 сәуір 1945 жыл, 14 сағат 25 минут барлау взводының командирі, лейтенант Рақымжан Қошқарбаев, қатардағы барлаушы Григорий Булатовпен бірге қарсыластардың жаудырған оғының астында қалу қаупінен сескенбей Рейхстагқа өтіп, бас ғимараттың алдына өз батальонының туын тігеді. Олар дұшпанның соққысына қарсы тұрып, жеңіс туын тіктеген алғашқы жауынгерлер болды. Рейхстагта желбіреген бұл ту жеңістің алғашқы белгісі атанды. Рейхстагқа қадалған ту адамзат тарихындағы ең қанқұйлы шайқастың аяқталып, гитлер әскерінің ойсырай жеңілгенін паш етті.
Дәл сол уақытта, шамамен 15:00, 30 сәуір 1945 жыл, Үшінші Рейх фюрері Адольф Гитлер Рейхстагтың оңтүстік-шығысынан бір шақырымдай жердегі жер астында бункерінде өз-өзіне қол жұмсады.
30 сәуір 1945 жылғы Совет ақпарат бюросының есебінде диктор Юрий Левитанның: «… Берлинде жауынгерлер фронты қала орталығының көшесіндегі шайқастарында немістердің Рейхстагтарын басып алып, жеңіс туын тіктеді …».
1 мамыр 1945 жыл New York Times басты бетіндегі мақала «Рейхстаг төбесінде Жеңіс туы желбіреп тұр» деген ақпаратпен жарияланады.
2 мамыр 1945 жыл Берлин гарнизонын басып алады.
7 мамыр 1945 жыл Германия әскерінің жоғарғы басқарушысы Реймстің капитуляцияланғаны туралы актіге қол қойды.
1945 жылдың 8 мамырынан 9-ына қараған түні Карлсхорстегі Үшінші Рейхтің капитуляцияланғаны туралы соңғы актіге қол қойылды.
2004 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы 8 және 9 мамыр күндерін Екінші дүние жүзілік соғыста қаза тапқандардың құрметіне «Еске алу және келісім күндері» деп атады.
Лейтенат Қошкарбаев пен қатардағы жауынгер Булатовтың ерлігі 60 жыл бойы билік тарапынан мойындалмай тек 2000 жылдардың басында екі жауынгер қаза болғаннан кейін ресми мойындалды.
РЕЙХСТАГ ҮШІН ШАЙҚАС
(лейтенант Рақымжан Қошкарбаевтың қолжазба естелігінен)
«30 сәуір 1945 жыл… Таңғы сағат төрт пен бестің арасында қараңғылық әлі сейілмеген еді. Айналамызда снарядтар мен миналар жарылып, танкілердің гүрілі құлақ тұндырады. Көшені қалың шаң мен түтін жапқан. Жүру өте қиын. Қарсы бетте пулеметтен оқ жаудырып жатқандықтан ғимараттың ішіне (Үшінші Рейхтің Ішкі істер министрлігі — Е) есігі немесе терезесі арқылы бірден кіру мүмкін емес. Ғимараттың дәл алдына келгенде оқ кілт тоқтады. Бәріміз тыншып қалдық. Қиын жағдайдан танкистер құтқарды. Ғимараттың бір қабырғасына оқ атып, жарып берді. Дәл осы саңылауға қарша оқ жаудырдық… Жауынгерлердің сол сәттегі қуанышын суреттеу қиын еді. Себебі ғимаратты басып алу жоспарының алғашқы қадамы ретінде сегіз қабатты ғимараттың бір бөлмесін басып алған едік…
Өзге роталар келгенше алғашқы минутта коридордың ашық тұрған есігі арқылы тоқтамастан оқ аттық, дұшпанның ұясына терезесінен және баспалдақтың торынан гранаталар лақтырдық...
Әрбір бөлме, әрбір қабат үшін жан алысып, жан берістік
Гитлердің сарбаздары барынша қасарысқанымен қосымша рота келіп жауға қарсы күшімізді еселеп алдық. Әрбір бөлме, әрбір қабат үшін жан алысып, жан берістік. Кейбір жерлерде қоян қолтық ұрысқа түстік. Бірте-бірте шайқасымыз екінші қабатта жалғасты.
Таң ата бастады. Біздің жаулап алған жеріміз кеңейіп қалды. Ғимаратты фашистерден толықтай тазалау үшін көп патрон, әсіресе граната қажет болды. Мұндай жағдайда біз әдеттегідей дұшпанның осы ғимаратта сақтап қойған оқ-дәрісін өзіне қарсы жұмсадық.
Сағат 12-лерге қарай кейбір сарбаздарымыз төртінші қабатқа дейін көтерілді. Біздің взвода та соның ішінде болды.
Бұл взводтағы көзге ерекше түскен жауынгерлерді атап өткім келеді: Қызыл Ту орденімен марапатталған (өлімнен кейін) аға сержант Николай Гончаров, Қызыл Жұлдыз орденін алған қатардағы Гричко. Олардың ұрыс кезіндегі ерлігі мен батырлығы бәрімізге үлгі болды. Ұрыс кезінде батальон командирі шақырып жатыр деген хабар келі. Өз орныма Николай Гончаровты (сол күні қаза тапты) қалдырып, бірінші қабатқа түсіп, комбатқа келгенімді мәлімдедім. Онымен бірге батальон парторгы Васильченко және біздің полктың барлаушылары: Провоторов, Лысенко, Орешко, Почковский, Брехонецкий, Сорокин және Григорий Булатов болды. Олар қабырғаға жапсарлас тұрды себебі шағылған терезеден қарсы беттегі ғимараттағы жау пулеметі үздіксіз атқылап жатты.
Содан кейін комбат: «Жау оғы кідірген кезде терезеден алаңға қарап, төбесінде күмбезі бар сұр ғимаратқа назар аударыңдар. Рейхстаг дегеніміз осы», - деді. Сәл кідірп, ойын әрі қарай жалғастырды: «Өзге батальондарға қарағанда біз Рейхстагқа жақын тұрмыз. Сол себепті мүмкіндігінше оған тезірек жетіп, қызыл туды қадауымыз керек. Осы тапсырманы орындау үшін жолдас Васильченконың ұсынысы бойынша сізді шақыртып тұрмын. Бұл бұйрық емес екенін айтқым келеді. Ойланып, жауап беріңіз. Сіздерді полк штабынан келген арнайы барлаушылар оқпен қорғап тұрады».
Комбат Васильченконың ұсынысы бойынша шақыртты дегенде мойнына автомат асынған үстін шаң басқан, қасымда тұрған шау тартқан адамға қарап тұрдым. Ол да қарап, жауап күтіп тұрды...
Бірден сапарға дайындалдым... Өзіммен бірге автомат, пистолет және үш қол гранатасын алдым. Сол қолыма туды ұстап, комбатқа тапсырманы орындауға әзір екенімді жеткіздім. Давыдов қолымды қысып, ақ жол тіледі. Жолдас замполит Васильченко қасыма таянып, қапсыра құшақтап: «Рақым, саған сәттілік тілеймін. Кездескенше» деді... Барлаушылар да дайын тұр еді. Оқтың кідірген сәтін күттік. Терезеден секіріп түсіп, сайдың ішінде бүк түсіп жатып қалдым. Қасымда тек Булатов болды. «Жолдас лейтенат, - дейді ол, - қалған барлаушылар секіріп түсе алмады. Оқ мұрша бермеді. Біздің жолымыз болды». Мен Булатовқа алға қарай біріміздің соңымыздан біріміз асықпай жылжимыз дедім. Жан-жағымыздан оқ қарша борап, басымызды көтерткізбеді. Өте баяу бір-бірімізден ажырамай, біріміздің соңынан біріміз жылжыдық.
Сайдың ішінен шыққан соң, жақын жерде жатқан темір қалқан қорғанымыз болды. Соған жеткен кезде өз-өзімізге келдік. Келесі қорған ретінде бізден 40-50 метрде жатқан трансформатор будкасын көрдік. Алаң теп-тегіс. Жасырынар жер жоқ. Тек алдымыздағы будка ғана. Оған жетер жолымыз ауыр да азапты болды. Айналаңызда миналар жарылып, оқ зымырап жатыр. Бетіңіз жер сипап келеді. Басыңды қозғалтуға болмайды. Байқап қалуы мүмкін. Бір сөзбен айтқанда біздің баяу жылжығанымыз сонша көрер көзге өлі адамдай көріндік. Әупірімдеп будкаға жеттік. Киіміміз су мен терге шалынған. Шешіп тастап, сығып алсаң да болады. Будканың қалқаны болғанымен жауындай жауған оқтан шұрқ-шұрқ тесік. Бұл жерде кідіру өте қауіпті. Сонымен қатар өз бөлімшеңнің де оғының астында қалу қаупі бар. Себебі біз туралы тек өзіміздің батальон білетін. Сол себепті шұғыл шешім қабылдауым керек болды. Бір минуттай айналамызға барлау жасадым: Рейхстаг пен біздің арамызды қираған көпір бөліп жатыр. Шамамен жүз метрдей жерде. Бірақ оған қарай асфальтталған тегіс жол төселген.
Рейхстагтың сол жағынан саябақ көрінді. Бұл – Тиргартен. Немістер осы жерден негізгі артиллериялық жоспарын жүргізді.
Күн сәске ауды. Төбемізден біздің ұшақтар жиі көріне бастады. Олар кетісімен саябаққа және Рейхстагқа қуатты миномет-артиллерия соққысы жасалды. Снарядтардың жарылысынан алаңда шаң мен түтіннен қап-қара қою түтін көтерілді. Әрі қарай күтуге болмайды. Тәуекелге бел будық. Орнымыздан атып тұрып, бар күшімізбен көпірге қарай жүгірдік. Кейін еске түсірсек жүгіріп бара жатып, екеміз бір-бірімізді қолымыздан ұстап алыппыз. Оны көпірге жетіп, суға құлаған кезде байқадық. Арық терең емес еді. Айналамызда оқ зулап жатса да сол күні алғаш рет бір-біріміздің көзімізге қарап еріксіз жымидық.
Қызыл туды алып шығып, химиялық қарындашпен «674» деп полк нөмірін және «Булатов, Кошкарбаев» деп фамилияларымызды жаздым
Арықтың жағасындағы қауіптен сескеніп қарсы бетке шықтық. Рейхстаг бізден енді үш жүздей метр алдымызда тұр. Өзен бойындағы атыс екі жақтан да үдей түсті. Әрі қарай жылжу мүмкін емес еді. 20-30 минуттай өтті. Қозғалыссыз отырмыз. Қызыл туды алып шығып, химиялық қарындашпен «674» деп полк нөмірін және «Булатов, Кошкарбаев» деп фамилияларымызды жаздым. Маған қарап отырған Булатов:
— Жазғаныңыз дұрыс болды, жолдас лейтенант. Бізді өлтіріп тастаса, біздің кім екенімізді ешкім білмей қалар еді.
— Кеттік, жүгір! — дедім мен Гришаға.
Бұл кезде біз ештеңе көрмей, естімей алға жүгіріп келе жатқанбыз. Рейхстагтың кіре берісіндегі алғашқы баспалдақтар. Қабырғаға жеттік. Бір-бірімізге жақындап, демімізді ішке алып тұрып қалдық. Бір минутқа созылған үнсіздіктен соң адам көзі көретіндей жерге туды қадау керек екені есіме түсті. Қуанғанымыздан күмбез туралы ойламадық та. Булатовты өз иығыма отырғызып, терезенің жақтауына көтердім.
— Гриша, — дедім, — туды мейлінше жоғары қада.
Ол болса:
— Қадайтын жер жоқ. Мені тағы кішкене ұстай тұрыңыз. Терезеден кірпіш шығарайын.
Бір минуттай кейін Булатов қырылдаған дауысымен: «Болды! ОРНАТТЫМ…» деп айғайлап жіберді.
Содан бері 30 сәуір мен үшін екінші туған күніме айналды. Сол себепті жыл сайын осы күні бойымды ерекше қуаныш кернейді. Бұл бір қиын да қуанышты сәттер ешқашан ұмытылмайды.»
СӨЗСОҢЫ
Жеңіс туын тіктеген соң барлаушы лейтенант Қошқарбаев пен жауынгер Булатов Рейхстагты жаулап алу шайқасына қатысуын жалғастрды. Рейхстагқа қадалған алғашқы Жеңіс Туы жауынгерлерге үлкен рух берді. Қошқарбаев пен Булатовтан кейін Рейхстаг ғимаратына 674 полктың бірнеше тобы басып кіріп, ғимаратты жаулап алады. Шайқас барысында лейтенант Қошқарбаев жарақат алады.
Қошқарбаев пен Булатовтың ерлігі дивизияның әскери құжаттарында тіркелген, ол туралы 1945 жылдың мамырында бірнеше әскери және совет газеттері мақала жариялады. Берлинде жасаған ерлігі үшін полк команидирі Қошқарбаев пен Булатовты жауынгерлердің ең жоғарғы құрметі – Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынды. Алайда идеологиялық себептерге байланысты Қошқарбаев пен Булатовтың ерлігін ресми Совет билігі мойындамайды. Басты себептерінің бірі ретінде Қошқарбаев «халық жауының» ұлы екендігі айтылады. Оның әкесі 1930 жылы репрессияланған болатын. «Ресми» Жеңіс туын ұстаушылар деп қызылармиялық Егоров пен Кантария аталады. Олар Рейхстагтағы негізгі ұрыс аяқталғаннан кейін Қошқарбаев пен Булатовтан соң бірнеше сағаттан кейін басқа ту орнатқан еді.
Соғыстан кейін Григорий Булатовтың тағдыры қайғылы аяқталды: бірнеше рет Берлин шайқасындағы ерлігін дәлелдеумен болды. Нәтижесіз. Сол үшін таныстарының арасында Гришка-рейхстаг деген атқа қалады. Булатов екі рет тұтқындалып, екі рет түрмеде жазасын өтеп шығады. Өмірінің соңына дейін фронтовик Булатов Қошқарбаевпен байланысын үзбеді. 1973 жылы қырық үшке қараған шағында Булатов өзіне қол жұмсап, өмірден өтті.
Соғыстан кейін Рақымжан Қошқарбаев Алматыға қоныстанды. Қаланың ең басты символдарының біріне арналған «Алма-Ата» қонақ үйінің құрылысына ат салысып, басқарушысына айналды.
Бейбіт күнде Қошқарбаев «Знамя Победы» және «Штурм» деген екі кітап жазды. Соғыстан кейін ол 1930 жылы репрессияланып, ГУЛАГ түрмесінен босатылған өзінің әкесін іздеп тапты. Алматыда жүріп Рақымжан Қошқарбаев соғыстың қаһарманына айналған гвардия полковнигі және жазушы Бауыржан Момышұлымен танысып, өмірінің соңына дейін араласып тұрды. Момышұлының ағартушылық жұмысының арқасында совет уақытында мыңдаған адам Қошқарбаев пен Булатовтың ерлігінен хабардар болып, бейресми мәдени ортада осы екеуін Жеңіс туын тіктеушілер деп қабылдай бастады. 1999 жылы тәуелсіз Қазақстанда Рақымжан Қошқарбаевқа ең жоғарғы Халық Қаһарманы деген атақ өлімінен кейін беріледі.
2000 жылдардың басында тарихшы Булат Асановтың зерттеу жұмысының нәтижесінде барлаушы Қошқарбаев пен Булатовтың ерлігі Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің әскери тарих институтының құжаттарымен ресми расталды.
Өмірінің соңына дейін Рақымжан Қошқарбаев Рейхстагқа Жеңіс туы қадалған 30 сәуір күнін екінші туған күні секілді қабылдады.
Мақаланы дайындау барысында көрсеткен көмегі үшін Adamdar.CA Әлия Қошқарбаева мен Дәурен Қошқарбаевқа алғыстарын білдіреді.
Құжаттар мен суреттер Рақымжан Қошқарбаевтың жеке және отбасылық мұрағатынан, мемлекеттік және әскери мұрағаттар мен интернеттегі ашық дереккөздерден алынды.