Мадина Жолдыбекова (@madikendraws) — Қазақстанда туып-өскен суретші, иллюстратор. Оның соңғы салған суреттері суретшінің ғана емес, соңғы жағдайларға қатысты ел ішіндегі адамдардың көзқарасын дәл жеткізді. Мадинаның суреттері тез арада әлеуметтік желіде тарап, 2019 жылдың наурыз айындағы Қазақстанда болған оқиғаның символына айналып үлгерді.
ТӘУЕЛСІЗДІК
Аты-жөнім — Мадина Жолдыбекова. 1991 жылы Жезқазғанда тудым. Бастауыш сыныпта оқып жүргенде тәуелсіздіктің құрдасы болғандықтан 1991 жылы туғандарға сыйлықтар бергені есімде. Әдетте кітаптар немесе шағын сандықшалар болатын. Бірақ дәл 16-желтоқсанда туғандардікі ерекше еді. Оларға үлкен энциклопедиялар сыйлап, кафеге апаратын. Ал менің туған күнім 12 мамыр болғандықтан, кішкене Совет Одағының дәмін татып үлгердім.
Үш жасқа толғанда отбасымыз Текеліге көшіп барды да, кейін қайтадан Жезқазғанға көшіп келді. 18 жасқа толғанда ата-анаммен бірге Алматыға қоныс аудардық. Қазір Ыстамбұлда тұрамын. Осылай көшіп-қонып жүрмін.
Балалық шағымның көп бөлігі Жезқазғанда өткенімен, Текелі менің санамда жақсы жатталып қалды. Таудың етегіндегі қалашықтың суы да, ауасы да мөлдір. Ешқандай ыстың иісі де жоқ. Жеміс-жидектің бәрі үйдің ауласындағы бақшадан келетін. Балалық шағымның ең тәтті кездері еді. Сондықтан қазір Қазақстан туралы ойлағанда, Текелідегі сылдырап аққан бұлақ пен көк шөп көз алдыма келеді. Алмасының дәмі тіл үйіретін.
Бала кезімде суретшілер мектебін аяқтасам да, нақты ғылымға бейімім жоғары болды. Дәстүрлі қазақ отбасында өскендіктен де көп таңдауым болмады. Ол кездері техникалық мамандыққа сұраныс жоғары болатын. Үйдің әдепті қызы болғандықтан ҚБТУ-дың Ақпараттық технология мамандығына түсіп, сол жерде төрт жыл оқып шықтым. Оқып жүріп сурет салдым. Графикалық бағдарламаларды меңгердім. ҚБТУ-дың компьютерлі графика лабораториясында жұмыс істедім. Не керек, оқуды аяқтап, дипломды әке-шешеме табыстап, «Ракетная фирмаға» иллюстратор ретінде жұмысқа кірдім. Сол кезден бастап, иллюстрация жаныма жақын екенін ұқтым. Ол жерде өзімді әртүрлі бағытта сынап көру мүмкіндігі болды. Графикалық иллюстрациялардан бөлек, комикстер мен iPad құрылғысына арналған интерактивті ойындарға дейін жасадық.
«Ракетная фирмадан» соң балаларға арналған иллюстрацияның не екенін үйренбек болып, жарты жылға Мәскеудегі иллюстрация және көркем сурет мектебіне бардым. Оқу барысында «Чудак» деген кітапты салып шықтым. Кітабым жақсы шықты. Бірақ меланхолия сипатында болғандықтан балалардан гөрі, ересектерге арналып кетті ғой деймін.
Балаларға арналған кітап салу үшін олардың деңгейіне түспеу керек, керісінше жоғары деңгейде ойлау керек
Осы тәжірибенің арқасында балаларға арналған кітап салу үшін олардың деңгейіне түспеу керек, керісінше жоғары деңгейде ойлау керек екенін ұқтым. Мәселен, Астрид Линдгрен «Пеппи ұзын шұлықты» 38 жасында ойлап тапқан, ал Николай Носовтың «Дымбілмесі» 50 жасында дүниеге келген. Шамасы, бала деңгейінде түсініп, қабылдау үшін белгілі бір деңгейде өмірлік тәжірибең болуы керек сияқты. Себебі суреттер бірден түсінікті болғанымен, астарлы мағынасы да «сөйлеп» тұруы керек.
Оқудан соң OYLA ғылыми-танымдық журналды шығарушылар тобына қосылып, бірге үш жылдай жұмыс істедік.
Өнердегі абсурдизмді ұнатамын. Өмірге күліп қарауды үйретеді. Өз басым абсурдизмді түсініп, одан ләззат алатын керемет жерде тудым деп есептеймін.
Суреттің сызықтары қайта апарарын алдын ала болжай алмайсың
Қарапайым өнер ұнайды. Көп адам бұны байқай бермейді. Әдетте туысқандарым немесе достарым суреттерімді көргенде: «Мен де осылай сала аламын ғой», — деп жатады. Иллюстрацияға көп уақыт жұмсағанды ұнатпаймын. Гиперреализмді ұнатпаймын, бірақ жылдам қабылданған шешімдер ұнайды. Мәселен, mixed media: соңғы суреттерім қағаздағы гуаш немесе қарындаш, сосын түспен көмкеріп, мәтін енгізесің. Бірақ мұның бәрі бейкоммерциялық суреттер. Коммерциялық графика көлем мен қанық түстерді жақсы көреді. Қазір декрет демалысындамын. Өз-өзіңе үңілудің тамаша кезі. Өз-өзіме қожайынмын: не салғым келсе, соны саламын.
Айналамдағы көргенімді қағазға түртіп алып, әсерімді сол арқылы танимын. Шимайларым естелікке апаратын алғашқы баспалдақ іспетті. Сурет салушы шытырман оқиғаның ізіне түседі: суреттің сызықтары қайда апаратынын алдын ала болжай алмайсың.
ТҮРКИЯ
Түркияда тұрып жатқаныма бір жарым жыл болды. Ыстамбұл — қызыққа толы қала, кейіпкер іздегенге таптырмас мекен. Бұл қаланың балықшылары мен шайқорлары сұмдық ұнайды. Босфор балықшылары тәрізді сурет кейіпкерлерін кездестірмеппін.
Түркия — all inclusive туралы емес
Түркиядағылардың көбі Қазақстан олардың ата қонысы екенін біле бермейді. Білетіндері бізді бауыр санап, kardeş деп жатады. Бірақ біздің адамдардың да санасында Түркия мүлдем бұрмаланып кеткен.
Түркия демалыс үшін баратын all inclusive, Анталия, Таркан, cok guzelsin емес. Түркия Каш пен Ризе қалаларының табиғаты, Ара Гюлер фотолары, Сабахаттин Али кітаптары, Фазыл Сай музыкасы.
Егер осыдан бес жыл өмірім Түркиямен байланысты болады десек, сенбес едім. Бәрі де сауатсыздықтың кесірі ғой.
Түркиядағы адамдардың құшағы ашық. Сезімтал. Әсіресе, еркектері балаларды қатты жақсы көреді. Адамдардың өз-өздеріне деген сенімділігіне де осы тікелей әсер етеді. Бізде де әрине жақсы көреді. Бірақ сезімдерін тікелей көрсетпейді. Біздің елде әкесінің көзі тірі болса, тек анасының бауырында өскендердің тұтас ұрпағы пайда болды.
АНА
Құрсақ көтеріп, аналық сезім оянғанда өзімді алданып қалғандай сезіндім. Ана болудың қиындығы туралы ешкім айтпапты. Барлығы әдемі суреттерін жариялап жатады, бірақ ұят көре ме, ешкім қиындығы туралы айтпайды. Менің ойымша, адамдар аналық махаббаттың ар жағындағы көзге көрінбейтін дүние туралы да жазу керек.
Біздің қоғамда анаға қатысты көзқарас мүлдем бөлек. Жаңадан ана атанған адамды қолдап, демеп отырудың орнына, болмайтын кеңестер мен нұсқаулар беріп өзінің істеп отырғанына күдік пен күмән туғызуға тырысады. Қорқытып, үркітетіндер, сынап-мінейтіндер көп. Өзіңді балаға қарсы қояды. «Баланы көтере берме. Кейін шығады, Мадина!». Бірақ себеп пен салдарды ажырата алмайтын екі айлық нәресте қалайша анасын билеп кетеді? Сол себепті менің соңғы суреттерім көбінесе іштегі қарсылық пен ашудың көрінісі. Жоқ деп айту мен үшін қиын болатын, соны сурет арқылы жеткіземін.
Соңғы жұмыстарым іштегі буырқанған ашуға негізделген
20 наурызда түпсіз тереңге түскенімді ұқтым. Әрине, бұның бәрі — театр. Бірақ бұл театрдың өзі де, әртістері де нашар. Билік халықтың пікірімен санаспайды. Ашуыма тигені осы болды. Шамасы бұл ойлар бұрыннан бері ішімде жиналып келіп, аналық сезіммен бірге сыртқа шыққан тәрізді. Балаң болғанда, оған жиі ашулана бересің. Екі сағат бойы ұйықтатуға тырыссаң, ол жарты сағат ұйықтап, оянып алады. Асылында, балаларды үнемі қорғау үшін әлсіз де сүйкімді қылып жаратқан болар. Өзіңнің ашуыңды балаға бағыттай алмағанда бұның бәрі уайым күйінде көрініс табады. Аналардың бәрі уайымшыл. Бірақ ашудың сарқыншағы қалып қояды.
Осы ашумен соңғы жұмыстарымды салдым. Бұрын саясатқа қызықпайтынмын. Ештеңе өзгерте алмаймын деп ойлайтынмын. Әрине, суреттерім арқылы күрделі өзгерістер жасай алмайтынымды білемін, бірақ өзімнің бостандығым мен еркіндігімді көрсетудің жалғыз амалы осы. Болып жатқан дүниенің ұнамайтынын білдіруімнің тәсілі осы.
Жақындарым мен үшін уайымдап жатады. Бірақ заңға қарсы ештеңе істеп жатқаным жоқ. Бар болғаны өз пікірімді білдірдім. Қашанға дейін қорқа беруге болады?
Өкінішке қарай, Қазақстаннан көшіп жатқандар көп. Өз айналама қарасам, үштен бірі кеткен тәрізді. Бірі Канадаға, бірі Еуропаға. Көбісі силикон алқабына қоныс аударды. Енді үштен бірі көшудің ойымен жүр. Олар істеп жатқан жұмыстарына сенбегендіктен, естір құлақ болмағандықтан, шаршағандықтан, үмітсіздіктен кетіп жатыр.
Кейбір кездері биліктегілер адамдардың бар екенін білмейтіндей көрінеді. Мүлдем бір-бірімізді танымайтын бөгде елде өмір сүріп жатқан тәріздіміз. Қорқыныш та осы жерде.
Барлық елде жастар саясатта белсенді, қоғамның қозғаушы күші. Ал біздің елде олар көбіне самарқау. Билік жастардың әлсіз жерін тауып, оқудан шығарамыз деп қорқытып, дегенін істетеді.
Айналама қарасам, өзімізге жайлы жағдай тауып алған сияқтымыз. Билікке әлі де бізді кішкене қыспаққа алу керек те, біз соған төзіп жүре беру керекпіз. Жылына бір рет саяхатқа шығып, сауық-сайранға мүмкіндік болғанша, халыққа тұрақтылық ұнап тұр.
Суреттерім пропаганда емес. Үгіт те емес. Бар болғаны біз болып жатқан өзгерістерге тек селқос, әрі немқұрайлы қарап өмір сүре алмайтынымызды көрсетудің жолы.
АЛМАТЫ
Елден жырақта жүргенде осында қалған тумаларымды сағынамын. Бірақ келген соң, сыймай кетемін. Қазір Ыстамбұлды сағынып отырмын.
Алматыға наурызда келдім. Баламмен көшеге серуенге шыққанда жылағым келді. Баламның бұл ауамен дем алғанын қаламадым. AirKaz арқылы ауаның ластанған көрсеткішін қарап, Air Quality қосымшасындағы терезені ашпаңыз, далаға шықпаңыз деген кеңесін көрдім. Сол кезде мүлдем далаға шықпай, үйде отырамын деген едім. Тіпті біраз уақытқа Текеліге барып, таза ауамен тыныстап қайтсам деген де ой келді.
Бірақ уақыт өте келе үйреніп кетеді екенсің. Бір ай өтті. Далаға шыққанда тіпті ыстың иісін де сезбейтін болып кеттім.
ДАМУ
Кезінде ғылыми-танымдық журналға жұмыс істеуге барғандағы бір мақсатым, миымдағы нейронды байланыстырдың жұмысын жандандыру еді. Себебі бір иллюстрация салу үшін күрделі мақаланы оқып, жақсылап түсініп алу керек. Миымыз еріншек. Сол себепті үнемі миды серпілтіп: «Істеп жатқаным дұрыс па? Мақсатым не? Осыны алсам, бақытты боламын ба?» деп сұрап, сілкілеп отыру керек. Менің ойымша, қажетсіз барлық нәрседен арылу керек. Улы ойлардан да, улы адамдардан да.
Кез келген патриархалды отбасыны мемлекетпен салыстыру туралы ойлағанда, басқалар тәрізді менің де туысқандарымның арасында органда істейтін біреу бар болар деп ойладым. Бұл ой бәрі де тұрақты деген тәрізді сенім береді. Танысың бар, бәрін шешуге болады дегендей. Сондықтан да «мәселені тез шешу» тәрізді түсініктер қанмен келетін сияқты. Тіпті өз басым Ыстамбұлда қағазбастылыққа ұрынғанда: «Осының бәрін тез шешіп тастайтын жол жоқ па екен?» деген ойға қалдым. Өз-өзімнен ұялып кеттім. Миымыздан осы бір ой жоғалмайынша жемқорлықпен күресе алмайтын сияқтымыз.
Біздің әйелдер енді ғана өз құқықтары үшін күресе бастады: жұмыста тең болып, үй шаруасын бөлісуге көңіл бөлді. Соның өзінде өзімнің де айналамдағы құрбыларымнан феминизм туралы түсініктің бұрмаланғанын көремін. Олар: «Мен феминист емеспін, бірақ...». Себебі қоғамның мысынан қорқады. Себебі біздің қоғам өте қатал, өмір сүру де оңай емес.
Қазір осы әйелдер тақырыбында сурет салғым келеді. Әйелдерге қатысты қалыптасқан қасаң көзқарастар, ішкі еркіндікті көрсеткім келеді. «Қыздар, алдарыңда әлем сайрап жатыр. Қыдыр, жұмыс істе, өзіңді таны, нейробиолог, теңізтанушы, суретші бол! Уақыт өтіп бара жатыр. Тосылатын уақыт жоқ. Оған көзім жетті» дегім келеді.