Save Bozjyra қозғалысының өтініші

Adamdar news DOCA JerSu Қазақстан

Save Bozjyra қозғалысының өтініші

14 Шілде, 2021 жыл

Қазақстан

13 шілде күні Астанада Бозжыра шатқалын қорғауға арналған экологиялық арт-акция өтті. Акция аясында заманауи өнер суретшісі Асхат Ахмедияров бақсы киімінде дабыл мен қамшы көмегімен елордалық Министрліктер үйінің алдында «тазарту рәсімін» өткізді. Шатқалды қорғау қозғалысының белсенді қатысушыларының бірі Әлия Ахмалишева «Bozjyrany Saqtaiyq» деген жазуы бар жалауды алып жүрді. Акция өтіп жатқан кезде Ахмалишева мен Ахмедияров ұсталып, Есіл ауданының АІІБ-не жеткізілді. Шамамен 2 сағаттан кейін олар босатылды.

14 шілде күні Асхат Ахмедияров өзінің парақшасында босатылғаннан кейін оның үйі жағына полиция қызметкерлерінің белгісіз себеппен бірнеше рет келгендігін айтты.

Бүгін Бозжыра шатқалын қорғау қозғалысының фейсбук-парақшасында жақында өткен акцияның ресми өтініші жарияланды.

Әлия Ахмалишева, Асхат Ахмедьяров. Фото: Жанара Каримова

Save Bozjyra қозгалысының өтініші:

«Бұл дабылдың ырғағы билік кеңселерінде ар-ождан мен ақылдың дауысын оятсын. Жауынгерлік қамшы соққылары біздің жерден шайтандарды, жемқорлық, экоцид және қирату жындарын қуып шықсын. 

Бозжыраны сақтайық! Сохраним Бозжыру! Save Bozjyra!

Асхат Ахмедьяров. Фото: Жанара Каримова

Қазақстанның барлық қорықтық аймақтары бірегей және қасиетті. Бозжыра — сондай жерлердің бірі. Бозжыра —Қазақстанның ең әдемі жерлерінің бірі ғана емес, сонымен бірге бүкіл ғаламшардың игілігі. Мұндай аумақтарды азаматтық қоғам, мәдениет өкілдері және экологиялық белсенділер ғана емес, ең алдымен, мемлекет қорғауы керек. Дәл сол мемлекеттік шенеуніктер мен Қазақстанның жоғары саяси басшылығы экожүйелердің сақталуы мен қауіпсіздігі және осы аумақтардың келбеті үшін ақылақтық және заңдық жауапкершілікке ие. Бұл біздің тарихымыз бен осы жерлерді қорғаған ата-бабаларымыздың алдындағы парыз ғана емес, сонымен қатар қазіргі уақыт және болашақ алдындағы, Республика азаматтары мен бүкіл ғаламшар алдындағы парыз бен жауапкершілік.

Фото: Малика Ауталипова

Соңғы бірнеше айда шатқалда құрылыс салудың заңсыз және қылмыстық әрекеттері салдарынан Бозжыраның биожүйесі мен көркі жойылу қаупіне ұшырап тұр. Бірқатар жоғары лауазымды шенеуніктер бұл улы, қылмыстық және талқандағыш жобаны қолдап отыр. Бозжыраның аумағы қоқыстанып жатыр, ауыр техника шатқалдың жер қыртысын бұзып жатыр, осы әдемі аумақтың ерекше көрінісіне қалпына келтірілмейтін зақым келуде. Бұл қылмыстық әрекеттер тек Қазақстанның экологиялық заңдарын ғана емес, Республикамыз қабылдаған және бекіткен халықаралық экологиялық нормаларды да бұзып отыр.
Бозжыра құрылысы — бұл аймақтың бірегей келбеті мен биожүйесін жою қаупі ғана емес, сонымен қатар жергілікті тұрғындар мен бүкіл Қазақстан азаматтарын қорлау. ҚР-ның көптеген аудандарындағыдай, су тапшылығы мен шөлейттенуге байланысты жағдайы күрделене түсіп жатқан, малы шөлдеу мен аштықтан жаппай қырылып жатқан, қалалары мен ауылдарында ауыз су іркілісі жиілеп жатқан Маңғыстау облысында таңдаулы адамдарға арналған бассейндері бар «лакшери бутик-қонақ үйін» немесе өтірік «этно-ауыл» құрылысын қалай жобалауға болады?

Біз, Қазақстан азаматтары, Бозжыраны сақтау үшін күресті жалғастырамыз. Бұл жолы біз тек мемлекеттік органдарға, бизнеске және азаматтық қоғамға ғана жүгінбейміз — Қазақстан Республикасының жоғары саяси басшылығына өткен жылдан бастап еліміздің түкпір-түкпірінен: Бозжырадан, Жаңаөзеннен және Ақтаудан, Алматы мен Астанадан қойылған талаптармен жүгінеміз. Бұл сөздер естілмеді, Бозжыраның құрту жалғасуда, сондықтан біз талап етуді жалғастырамыз:

  • Бозжыра шатқалындағы кез келген құрылыс жұмыстарын және техникалық араласуды тоқтату;
  • Бозжыра шатқалына Республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ (ЕҚТА) мәртебесін беру және Бозжыра жерін сақтау, қорғау және дамыту үшін тәуелсіз қоғамдық және ғылыми бақылау үшін толыққанды жағдайлар жасау;
  • Бозжыра аумағын ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра объектілері тізіміне қосу жөніндегі жұмысты бастау.

Маңғыстауда және Қазақстанның басқа өңірлерінде туризмді дамытуды толық қолдай отырып, біз қазіргі заманда қоршаған ортаға ең аз әсер ету қағидатын ұстану қажет екеніне сенімдіміз. Біз бірегей табиғи объектілерін қанау мен қиратуды емес, бұрыннан бар қалалар мен ауылдардың тұрғындары үшін мүмкіндіктерді кеңейтуді қолдаймыз.

Бозжыраның таза сұлулығына кез келген араласу сөзсіз оның бірегейлігін жоғалтуға әкеледі, биожүйеге, табиғи және тарихи құндылыққа түзетілмейтін зиян келтіреді және шатқалдың туристік тартымдылығын бұзады.

Елдің едәуір бөлігін қамтыған үдемелі құрғақшылықты, жергілікті халықтың ауыр экономикалық жағдайын және Маңғыстаудағы жұмыс орындарының жетіспеушілігін ескере отырып, жаңа жұмыс орындарын құруға, шағын және орта бизнесті дамытуға, өңірдегі экономикалық және әлеуметтік-мәдени ахуалды жақсартуға, сондай-ақ жергілікті мәдениет пен дәстүрді сақтауға және байытуға, әлеуметтік шиеленісті төмендетуге тек туризмге деген шынайы экологиялық көзқарас ықпал ете алады деп санаймыз.

Біз Бозжыраның «таңдаулыларға арналған жұмаққа» айналуына қарсымыз. Біз барлық адамдар үшін табиғи нысандарға тең қолжетімділікті сақтауды қолдаймыз.

Бозжыра — бұл киелі жер және кез келген қазақстандық үшін баға жетпес қазына. Бозжыра — бұл бүкіл ғаламшардың меншігі. Сондықтан біз өз отандастарымызды, азаматтық қоғам мен Республиканың мемлекеттік органдарын, сондай-ақ халықаралық экологиялық және мәдени ұйымдар өкілдерін Бозжыраны сақтауға және қорғауға тағы да шақырамыз.

Бозжыраны сақтайық! Сохраним Бозжыру! Save Bozjyra!»

Иллюстрация: Айгуль Нурбулатова

Тақырыпқа кіріспе және басқа да материалдар:

«Бозжыраны құтқару» — Ажар Жандосовамен сұхбат

«Бозжыра: жер беті мен тылсым әлем арасы» — мәдениеттанушы Зира Наурызбаеваның Бозжыра шатқалының мәдени және киелі мәні жайлы эссесі

«Белсенділер Бозжыраны сақтауды талап етуде»

«Бозжырадан жеткен оң хабар»

«Бозжыраға қайтадан қауіп төнді»

«Пол Салопек — Бозжыраға төнген қауіп туралы»

«Бозжыраны қорғауға үндеу»

«Астанада полиция мен ЖҚАЖ Бозжыра қорғаушыларын ұстап алды»

«Бозжыраны қорғау арт-акциясы. Фоторепортаж»


Adamdar/CA редакцияся Бозжыра шатқалы айналасындағы жағдайды бақылауды жалғастыруда.

Жарияланған уақыты: 14 Шілде, 2021 жыл