Әрбіріміздің ішіміздегі қайнаған бақа Әрбіріміздің ішіміздегі қайнаған бақа

JerSu

Әрбіріміздің ішіміздегі қайнаған бақа

Автор: Бота Шарипова

Суреттер: Роман Захаров

11 Сәуір, 2021 жыл

Бұл эсседе су жолын зерттеуші, трансшекара су ынтымақтастығы және су дипломатиясы жөнінен кеңесші, PhD кандидаты және  Adamdar/CA-ның жаңа авторы Бота Шарипова бір жарым ғасыр бұрын бақаларға жүргізілген тәжірибенің мына сұраққа жауап беруге қалай көмектесетіні жайлы толғанады: неліктен адамзат әлі күнге дейін климаттың түбегейлі әрі жылдам өзгеруіне, мұздықтардың еруіне, мұхиттар мен даланы жайлаған пластиктерге әсер ете алмай келеді?

Қарапайым бақаны қайнаған суға салдық делік. Ол сол мезетте-ақ судан секіріп шығып, әрі қарай да бұрынғы өмірін жалғастыра береді. Ал егер бақаны оған үйреншікті температурадағы суға салсақ, ол суда отыра береді. Су баяу қызып, оның секіріп шығуға әлі қалмай, қалжырап отыра береді. Яғни бақа температура өзгерісіне бейімделемін деп бар күшін жұмсайды. Ақырында өледі.

Бақаларға жасалған тәжірибені ең алғаш рет 1860 жылдардың соңында неміс физиологы Фридрих Леопольд Гольц (Friedrich Leopold Goltz) миы жойылған қосмекенділерге сынап көрді. Ізінше бақа тәжірибесі 1870 жылдары бірнеше мәрте түрлі елде, түрлі жағдайда қайта жасалды. Бұл тәжірибе бірнеше рет теріске шығарылды, десе де бақаның суға бейімделуі, температураны өте баяу, минутына ең көбі 0,02 градусқа ғана арттырып отырса, судан секіріп шықпайды деген пәтуа белгілі еді. Ғылым тұрғысынан дәл болмаса да, бақаның бұл әрекеті Boiling Frog Syndrome, яғни қайнаған судағы бақа немесе қайнаған бақа синдромы деген атпен кеңінен танымал екенін айта кеткен жөн. Бұл синдром баяу нашарлай түсетін жағдайлардағы адам әрекетін түсіндіру үшін түрлі мағынада метафора ретінде қолданылған. 

Осылайша бұл метафора мына сұраққа жауап беріп, ойланып-толғануымызға көмектеседі: неліктен басым көпшілігіміз өзімізге, болашақ пен балаларымыздың өміріне тікелей қатысы бар планетаның пластикпен ластануы, климаттың өзгеруі, тұщы судың сарқыла түсуі секілді қауіптерге мүлде бас қатырмаймыз? Неліктен селқос әрі немқұрайлы қарағанымыздан жағдай жақсы жаққа өзгермейтінін біле тұра, түк болмағандай өмір сүре береміз?

Адамзатқа сыртқы ортадағы өзгерістерге бейімделу қасиеті берілген. Ең оғашы бұл керемет сый өзімізге қарсы келіп жатыр. Бұл қабілетіміз планетамыздың бейімсіз бөліктері мен түрлі климат жағдайларында өмірдің ащы шындығына бейімделуімізге көмектесті. Алайда дәл сол қабілет қандай да белгілерді көргенде дабыл қағудың орнына, қырағылық пен қорғаныс реакциямызды бәсеңдетеді. Жаз мезгілі анағұрлым ыстық, қарлы тау шыңдарында мұздықтар азайып барады, қаланың бәрі ластанып жатыр, өңделмейтін пластик те көбейіп, әуелі демалыс орындарында, кейін мұхит пен жануарлардың асқазанына түссе, қазір біз ішетін су мен тіпті қанымызда да бар. 

Орта Азияның материктің ішінде орналасуы және мұхиттардың алшақ екені айқын континентілікті көрсетеді. Аумақтың оңтүстікке жақын орналасуы әсерінен қарқынды радиация климатты құрғақ әрі қуаңшылыққа айналдырды. Мұның бәрі климаттың өзгеруіне климат сипаттамасы басқа өңірлерге қарағанда әлдеқайда осал екенімізді көрсетеді. 

Орта Азияда суға қарап климатттың өзгергенін бірден байқауға болады. Температура жоғарылаған сайын мұздықтар азаяды, сондықтан болашақта ми қайнатар ыстық климат пен қуаңшылық кезеңі күтеді. Тағы бір маңызды жайт, бұл аумақтағы елдерде өзендегі су деңгейі айтарлықтай азаяды, себебі ол өзендерімізді қоректендіретін де сол мұздықтар. Қазір мұздықтар еріп жатқан кезде су тапшылығы байқалмайды, ал еріп болған кезде мұның салдары ешбірімізді айналып өтпейді. Қазірдің өзінде суға қолы жете алмай жүргендер ше? Мысалы, Жамбыл облысында фермерлер егін алқаптарын белсенді түрде суарып жатса, сол уақытта Қызылорда облысындағы ауылдарда ішуге жарайтын су бірнеше сағатқа ғана қосылады.

Су мәселесі тек инфрақұрылымға қатысты болса, анағұрлым жақсы болушы еді. Себебі мұндай жағдайда мәселені құбыр жүргізу арқылы және қаржы бөліп шешуге болады. Ал су шын мәнінде жетпейтін кезде не істей аламыз? Орта Азияда су үшін болуы мүмкін соғыстар, дәлірек айтқанда пессимист болжамдарды айтқанша, дәл қазір барынша көп адам немқұрайлық пен әрекетсіздіктің неге әкеліп соғатынын түсініп, ойланса деймін. 

Бұрын смартфондар шыққанға дейін бір сылтауымыз бар еді. «Климат және экология апаттары өте алшақ жерде болып жатыр, ақпарат та, оны айғақтайтын дәлел де жоқ» деп ақталатынбыз. Ал қазір барлық әлеуметтік желіде айқын дәлелдер қаптап кетті: ішегі пластик бөтелке мен қалтаға толған кит, пластик қоқыс кесірінен сауытының формасы өзгерген тасбақа. Ал қоқыстан тамақ іздеп тұрған ақ аю болса, климаттың өзгеруі салдарынан әдеттегі азығын табатын орны өзгеріп, ол жерге бейімделе алмай-ақ қойған. Бұл суретті барлығымыз көрдік. Бірақ біз әлі көрмеген, көзге ұрмайтын, десе де қауіпсіз деп айтуға келмейтін суреттер де бар: біз ішетін судағы пластиктің кішкене бөліктері, өзендерге көрші мемлекеттерден құятын су мөлшерінің азаюы, орны толмайтын жерасты суы көлемінің азаюы, жаз айларындағы құрғақшылық және біз естіп-естіміген басқа да проблемалар бар.

Біздің 0,02 градусымыз осы. Елгезек ағзамыз бен мойынсұнғыш психикамыз мұның бәрін қауіпсіз өзгерістер деп қабылдайтын шыдам шегі. Алайда қазір бұл шек 0,02 градустан асып, яғни айқын өзгерістер мен сілкіністер болса, біздің және балаларымыздың өмірін құтқарады. Кенет әрі жағымсыз өзгерістерді жағымсыз деп қабылдаймыз. Ал сол өзгерістер бізді бір сілкіп алып, ақыр соңында айналаға қарап, өзімізді құтқара алатынымызды түсінуге мәжбүр етсе ше? Сонда суды тез қыздыру сценарийі, яғни біз бейімделе алмайтын кейбір күтпеген және жағымсыз оқиғалардың болуы баяу әрі күн сайын өмірімізді жалмауға әзір оқиғаларға қарағанда анағұрлым жағымды. Бұл толғанысымның мұңды аяқталғанына қарамастан, адамды бекерден-бекер саналы, ойлау қабілеті бар деп айтпаған шығар деп сенгім келеді. Биологиялық табиғатына алданған бақалардың күйін кешпейік. Жосық тұрғысынан қарар болсақ, дәл сол бақа бізді қандай да іс-әрекетке итермелейтін ұстаз болуы мүмкін.

Бұл мақаланы жазудағы мақсатым өзімізді, ғаламшарды қалай құтқарамыз және не істеуіміз керек екеніне сілтеу емес. Себебі мұның сыры беймәлім. Алайда ол әрқайсымыз үшін 0,02 градус не екенін ойлануға итермелейді. Әрине, әлеуметтанушылар мен психологтар біздің бұл әрекетімізді басқаша түсіндіруі мүмкін. Алайда ішіміздегі бақаға қарап, өзімізден “қайнап жатқан қазаннан шығатын уақыт болмады ма?” деп сұраудың мәні бар шығар.

Мәтін әзірлеу барысында құнды пікірлерін білдірген Диана Әріпханова мен Наталья Чемаеваға алғыс айтамын. 

Бота Шарипова

Жарияланған уақыты: 11 Сәуір, 2021 жыл