Одесса-блюз

DOCA Украина

Одесса-блюз

Мәтін мен суреттердің авторы: Тимур Нусимбеков

Қазақшалаған: Кәмшат Әбілқызы

6 Тамыз, 2023 жыл

Одесса, Украина

Одесса мен Одесса облысы 2022 жылдың 24 ақпанында Ресей Украинаға кең ауқымды соғыс жариялаған сәттен бастап шабуылға ұшырады, Ресей әскері мен әскери теңіз флоты бұл аумаққа дүркін-дүркін оқ жаудырып, террористік шабуыл жасап келеді. 2023 жылдың шілдесінде Одесса Ресей-Украина соғысы басталғалы бергі ең маңызды және ең жойқын зымыран соққыларын көрді. Adamdar/CA авторы Тимур Нусимбеков шілдеде Одессаға барды, сонда жау әскері қалаға толассыз оқ жаудырған және ең көп жаудырған сәтіне тап болып, украиндардың осындай жағдайда қалай өмір сүріп жатқанын және өз қаласы үшін қалай күресіп жүргенін айғақтайтын біраз дерек жинап келді.

Ресей зымыраны тиген азаматтық ғимараттағы өртті сөндіріп жатқан одессалық өрт сөндіруші  (20 шілде)

Түн

23 шілде. Өткен күндердегі секілді түн ортасынан ауғанда әуе дабылы ойнай бастайды. Ана жақтан да, мына жақтан да алыстан атылған оқ пен гүрс-гүрс жарылыстың үні естіліп жатады. Одессада ұрыс тағы жалғасады. Өлім дәнін себетін камикадзе дрондары лек-легімен ұшып келеді, қанатты және баллистикалық  «Калибр», «Оникс» пен «Х-22», «Ескендір-К», «Ескендір-М» деген зымырандар түрлі биіктікте, түрлі траекториямен қалаға ағылады. Одесса гарнизонының сарбаздары қолда бар қаруымен: пулемет, зениттік пулемет, жылдам атылатын зеңбіректер және әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерімен оларға қарсы оқ жаудырады. Қала аспаны олай-бұлай жол салған қызыл жолақ пен жалт-жұлт еткен жарқылға толады.

Дүркін-дүркін зымыран құлардан бірер сағат бұрынғы Одесса (19 шілде)

Әлдеқайдан мопед моторының гүрілі тектес бір дауыс естіледі: бұл ирандық ұшқышсыз Shahed 136 дронының үні. Осы даусына бола одессалықтар оны «мопед» деп атап кетіпті. Shahed 136 он келідей өлім құштыратын жарылғыш таси алады. Гүріл жақындап келеді. Әне-міне дегенше көкте жарқ-жұрқ еткен көз қарықтырар жарқыл пайда болып, бір секунд өтер-өтпестен жарылыстың үні естіледі. 

— Ннааа! Көрдің бе, «Мопед» жарды!? — деп біреу қараңғыда қуана айқайлайды. — Одесса емес, сенің екі аяғың көктен келеді! 

Бірер минут құлаққа ұрған танадай тыныштық орнайды. Кейбіреулер бомбадан қорғайтын, бас сауғалайтын жерлерден, паркингтер мен жертөлелерден көшеге шығады. Олар терең тыныстап, бәз біреуі жүйкесін тыныштандыру үшін темекі тартса, бәз біреулер әзіл айтуға тырысады, Одессада үнемі солай, төбесінен ажал төніп тұрса да, аузынан әзілін тастамайды. 

Көшеде қатты жылдамдықпен әскери пикап келеді. Көлік кілт тоқтап, одан басында каска, қолында радиостанциясы бар бір солдат ытқып түсті.

— Екінші толқын келеді! Жасырыныңдар! — дейді ол айқайлап.

Адамдар қайтадан бомбадан қорғанатын жерлерге қарай кетеді. 
  
Қорғаныс үшін құм толы қапшықтар қаланған жертөле терезесінің алақандай бөлігінен көше, көшеден полиция мен жедел жәрдем көліктерінің көк шамы көрінеді; сары, жасыл түсін ұмытып қалғандай, бағдаршамның тек қызыл көзі жыпылықтап тұр. Арада бірер минут өткенде гүрсілдеген үн тағы естілді, пулемет пен зениттер кезек-кезек атқылап жатыр. 

— Бұл біздің әуе шабуылына қарсы қорғаныстағы жігіттер. Бәрі оң болады! Бәрі жақсы болады! — дейді арт жағымда тұрған адам, оның солай жанындағы біреуді жұбатқаны әлде өз-өзіне айтқаны белгісіз. 

Жойқын жарылыс. Терезенің алды бір сәт көз қарықтырар жарыққа толды. Жарылыс толқынынан ғимарат дірілдеді. 

— Терезеден аулақ кетіңдер! Әйнек сынықтары! — деп айқайлады біреу.

Одессаның әр жерінде тұрғын үй, азаматтық ғимараттар өртеніп жатыр, музей мен Спасо-Преображенск соборы да жалынға ораныпты. Түн баласы ДСНС (Украинаның төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік қызметі) құтқарушылары мен өрт сөндірушілері өртті өшіріп, жарылмаған БПЛА мен ракета бөліктерін іздеп, үйінді астында қалған адамдар мен жануарларды алып шығады. 
 

Таң

Таңғы 5-те коменданттық сағат аяқталады. Екі-үш қабатты ескі үйлердің ауласынан, панельден салынған хрущевкалар мен жаңа салынған көп қабатты тұрғын үй кешендерінен адамдар шыға бастайды; бірі бомбаланған, төбесі опырылған үйлер жаққа қарай жүреді; бірі кеше түнде ресейлік зымырандар мен ирандық дрондардың кесірінен жермен жексен болып, үйіндіге айналған мұражайлар мен тарихи ескерткіштерді бетке алады; тағы бір топ жойқын жарылыстан құлаған Құдай үйі алаңына жиналады.

Қираған азаматтық ғимарат орнындағы бала (20 шілде)

Мен Собор алаңы мен Спасо-Преображенск храмын бетке алдым. Өзге уақытта, басқа жылдары Одессаға қонақ боп келгенімде осы алаңға талай соғып едім. Кеше тағы осында болдым. Бұрын бұл алаңқай көк майсаға көміліп, мамыражай, сұлу келбетпен қарсы алатын. Харьков пен Донецк облыстарына сапарлаған соң әдемі, жап-жасыл, мамыражай орындарды ерекше қадірлей бастағам. 23 шілдеде келгенімде, бұл алаң мен соборды бірден тани алмадым. Айналасы — қираған қабырғалар, күл талқан болған әйнек, темір, ағаш сынықтары. Собордың қасбеті айырылған, кесектері құлап, күмбезді төбесі ойылып-ойылып қалған. Ауаны резеңке мен оқтың күлімсі иісі, өрт пен оны сөндіргенде шығатын ауыр иіс жайлап алған.

Спасо-Преображенск соборының бірнеше мәрте зымыранмен атқылағаннан кейінгі күйі (23 шілденің таңы)

Осы таңда, мұнда, собор алаңында Одессаның алуан түрлі тұрғынындай, әр жастағы, әр түрлі қызметтегі, әр ұлт өкілдері: жұмыскерлер, таксистер, курьерлер, солдаттар, кішкентай балалар, оқушылар, үндістандық, пәкістандық студенттер, қара жамылғысы бар дін қызметкерлері, сарғыш шалбар мен футболка киген коммуналдық қызметкерлер, — бәрі жұмыла іске кірісті.

 

 

Жиналғандардың көбі эмоцияларын ұстауға тырысып бағуда, бірақ бәрі емес: басынан бақайшағына дейін құрылыс материалдарының шаңына малынған егде жастағы ер адам ызаланып, бар даусымен қалшылдай айқайлап, Одессаға ракета мен дрон жаудырғандарды сыбап жүр; біреу асфальтта отырып алып жыласа, біреу тұрған орнында егіліп тұр, енді бірі қираған Құдай үйіне үнсіз қадала қарайды.

 

 

Соборға бастайтын бір есіктің жанында тұрған ерікті жұмыскерлерге жұмыс қолғабын, бір реттік маска таратып тұр. Адамдар құрылыс каскалары мен респираторларын киіп алды. Маска жетпегендер, бір жапырақ мата не футболкаларымен бет аузын орап алыпты. Қолдарына күрек, зембіл, сыпырғыштарын көтеріп, бөлініп-бөлініп, үлкен собордың әр залына барып, жұмысқа кірісіп жатқан жұрт үйінділерді реттестіріп, ағаш жабындыларын, шіркеудегі сынған өзге заттарды, күйелеш-күйелеш болып, өрттен зақымданған икона бөліктерін аялай ұстап, алып шығып жатты. Полиция қызметкерлері кезекті әскери қылмыстарды тергеуде пайдалану үшін қираған жерлерді суретке түсіріп, сынықтарды жинап жүр. Собор залының түкпіргі бұрышында өте үлкен әрі зілдей бір нәрсе гүрс етіп, еденге құлады. Басына қара бейсболка киген полиция офицері бұйырып: 

— Басына каска кимегендердің бәрін шығарыңдар! Төбе құлауы мүмкін! — деді.

 

 

Соборда жұмыскерлер, бастарына сарғыш, ақ каска киген еріктілер, қара, зәйтүн түстес камуфляж бен кевлар дулыға киген әскерилер мен өз еркімен әскер сапына қосылғандар ғана қалды.  

Бір әже кіргісі келіп еді, полиция оған рұқсат етпеді: 

— Апа, онда кірмеңіз! Басыңызда каска жоқ! Қауіпті! — деп құлағына айғайлап түсіндірді, апаның құлағы мүкіс екен. 
— Мен көмектесейін, кіргіз, — дейді ол кісі полицияға сөзін өткізгісі келіп.
— Біз өзіміз бәрін жөндейміз! Өзіміз-ақ қатырамыз, апа!

 

 

Күндіз

Бір қарт кісі үйілген кірпіш арасынан шіркеу фрескасының сынығын қолына алып, жақсылап шаңын сүртті, бұл бөлікте періште мен құдайдың дидары бейнеленіпті. Апа оны сүйіп, шоқынып жатыр.

 

Алты жас шамасындағы бір қыз көк шалғында жүресінен отырып алып, шөп арасындағы сынған әйнек, темір-терсек, майысқан шегелерді теріп, пластик пакетке салып жатыр. Ересек еріктілердің бірі оған: 

— Қолыңды кесіп аласың, одан да өзге балалармен ойнай ғой, — десе, қыз: 
— Ойынға зауқым жоқ, мына көк шалғынды тазалайын, — дейді.

Әлгі ерікті қолын кесіп алмасын деп қолғабын шешіп, қызға беріп жатыр. Әрі қарай жүрдім, алаңның басқа аймақтарында жасы бар, жасамысы бар, қаншама адам көк шалғын мен қара жерді тазалап жатқанына куә болдым. 

 

 

Бір топ ерікті қапталған үлкен ағаш сынығын алып шықты. Олардың бірі сөмкеме тігілген көк-сары қазақ-украин туын көзі шалып қалды. 

— Қазақстан да бізбен бірге ме?! — дейді ол ентігін баса алмай, қуанышты үнмен. 
— Иә, біз сіздермен біргъ, — деймін мен.
— Алға, Казахстан! — дейді ол қазақшалап.

Мен собордан шығып, су іздедім, тамағымды қырнап, қақалып-шашалып жатырмын, ауадағы шаң әлі бұрқырап жатыр. Бір кезде таныс суретші Юлияны көзім шалып қалды. Юлия Одессаның тумасы, он бес жылдан бері Лондонда тұрып келеді. Сонда жүріп ол ЗСУ-ға донат жинады. Жақында ол Украинаға оралып, өз көзімен туған қаласы мен туған елінің жағдайын көріп, әскери қылмыстарды фотоға түсіріп және ЗСУ-ға донат жинап жүр.

Суретші Юлия Юрченко Ғалымдар үйінде

Юля маған сол түні рашистер Ғалымдар үйін атқылағанын (бұрын ол Толстойдың үй-жайы болған), Приморская, Преображенская көшелеріндегі ауданда орналасқан тұрғын үйлерді қиратқанын, өзге де аудандардағы үйлерге зымырандардың зардабы тигенін айтты. Ол осы жердің әр бұрышы түрлі естелікпен есінде қалғанын, сондықтан қаланың қазіргі күйін айғақтайтын деректерді көп жинау маңызды екенін айтады. Күні бойы Юля екеуміз осы аймақты шарлап жүрдік. Жергілікті халықпен, еріктілермен сөйлестік, ләм-мим деуге дәрменсіз болған сәттер де болды, фотоға түсірдік, үйінен айырылған жандардың оқиғасын тыңдадық, әрі көркем, әрі қорқынышты кейіпке көз тіктік.

 

Еріктілер зымыран түсіп, үйі ойран болған зейнеткерге көмектесу үстінде

Қираған азаматтық нысанның жанында тұрған жедел жәрдем дәрігері (20 шілде)

Преображенская көшесіндегі қираған үйде қауырт жұмыс істеп жатқан, үстіне «Бэтмен» логотипі бар қара футболка киген ерікті күрегін қоя салып, қылқ-қылқ еткізіп су ішіп жатыр, шаңға көмілгені сондай, көзі ғана жылтырайды. «Бұл қалаға батыр керек», — деп, суперменнің жарқанат блокбастерінен үзінді келтіріп, оны қанаттандарғым келді, бірақ шаң-шұң еткен күрек пен гүрілдеген бульдозер үнінен ол менің не дегенімді естімеді. 

Күл талқаны шыққан көшедегі жасанды қызыл раушанның үлкен бір шоғына дым болмапты. Юля күлте жапырақтарға тұрып қалған шаң-топырақты абайлап тазалап жатып: 

— Бұлар пластик емес, нағыз тірі раушандар, — дейді.

 

Еріктілер ресей зымыраны қиратқан не зақым келтірген тұрғын үй маңын тазарту үстінде

 

Дима атты жас еріктімен жартылай қираған Ғалымдар үйінің самалдығында тұрмыз, бұл жерді бір кездері граф Михаил Толстой мекен еткен. Дима маған бұл үй-жайдың тарихы, осы аудан туралы айтып жатыр. Оның мамандығы архитектор, сондықтан ол бұндағы көшелер мен ғимараттар тарихын жақсы біледі.

— 1941-ші жылғы шапқыншылықта тіпті фашистер бұл ғимаратқа тиіспеген еді, рашистер алды да, жоқ қыла салды. 

Дима ресейлік зымыранның жарықшағы тиіп, жергілікті тұрғын мерт болған жерді көрсетті. Ол адам көп қиналмай жан тәсілім еткеніне үміттенетінін де жеткізді. Сондай-ақ ол осы үй-жаймен іргелес көне үйді, нақтырақ айтсақ, үйіндіні көрсетіп, жарылыс болғанда ол үйдің шатыры, қабырғалары, бірнеше пәтерінің күлі көкке ұшқанын да айтты.

— Бұнда көбіне Херсон, Донецк облыстарынан жер ауып келгендер мен босқындар тұратын, — дейді Дима. — Олар Одессаға «русский мирден» бассауғалап келіп еді, «русский мир» оларды осында қуып жетті.

Зымыран соққысынан кейінгі Одесса Ғалымдар үйінің бір залы (Граф Толстой сарайы)
Ғалымдар үйінде атқылаудан қалған із
Ғалымдар үйі маңын тазартып жүрген ерікті. Зымыран тиген кей ағаштар өртеніп, кейбіреуі өте қатты зақымданған.

Ресейдің террорлық шабуылынан кейін Ғалымдар үйі маңындағы тұрғын үй кешенінің көп бөлігі қирап қалған
Ирина, волонтер: «Зымыранмен атқылаған түні екі жасар баламды алып, жер асты паркингте отырдым. Таң атқанда осында жұмыс істеуге келдім. Өйткені бұл Одесса, бұл біздің қаламыз, келмей қалуға дәтім жібермеді. Біз достарымызбен бірге соғыстың бірінше күнінен бері ерікті болып жүрміз».

Кеш

Кешқұрым Женя екеуміз собор маңында әңгімелестік. Ол 28 жаста, Одесса облысынан. Ресей кең ауқымды соғыс бастамай тұрғанда Евгений Одессаның қалалық ауруханасында және жедел жәрдем қызметінде жұмыс істеген. Ақпанда жау басып кірген соң ол жарымен, кішкентай баласымен қоштасып, ЗСУ құрамына ерікті болып жазылады. Кеше ғана азаматтық фельдшер боп жүрген Женя әскери дәрігерге айналды. 2022-нің наурызында ол фронтта болды. Евгений мен оның медициналық взводы көптеген жанның өмірін құтқарып қалды. Женя өзге де одессалықтар секілді Донбас пен Херсонда соғысты, барлық одессалық секілді ол да соғыс оның туған үйіне, туған жеріне келмесе екен деп дұға қылды. Бірақ 2023-тің шілдесінде соғыс «Ескендір», «Калибр», «Оникс» зымырандарын ерттеп мініп, Одессаға жетті. Евгений маған патч сыйлады, онда камуфляж, сауыт (бронежилет) пен каска киген қос сарбаз бейнеленіпті, арқасында сары-көк періште-қанаты бар олар жаралы жанға көмектесіп жатыр.

 

 

Коменданттық уақыт басталмай тұрып мен Дерибасовскаяны жағалай жүрдім. Көшеде бір топ жастарды кездестірдім. Бозбала, бойжеткендер Андрей Хлывнюктің a.k.a. Boombox әнін және The Oasis-тегі ағайынды Галлахердің әндерін бірге шырқайды. Ән салып жатқандар арасында күндіз үйінділерді тазалап жүрген бір топ еріктіні көзім шалып қалды. Олар киімдерін ауыстырып та үлгермепті, футболка, шортылары шаң мен ыстан кірлеп кетіпті. Дәл жанымыздан қос жас сарбаз өтіп барады, бастарына әскери қалпақ киіпті, өңі кеткен кительдерінде ЗСУ деген шеврондары бар. Арқаларында дәу рюкзак. Қыздардың бірі оларға айқайлап: 

— Жігіттер, бізді қорғап жүргендеріңе рахмет! — дейді. 

Сарбаздар күлімсірейді. Қыз оларға жүгіріп барып, құшақтай алды.

— Жасасын Украина! — дейді бар даусымен музыканттардың бірі.

— Батырлар жасасын! — Одессаның осы пұшпағына жиналғандар: жүргіншілер, жас хипстерлер, рокерлер, еріктілер, демалыстан, госпитальдан оралған сарбаздар, — бәрі-бәрі бір мезетте, бірге солай айтты.

Бұл қалаға қанатты зымырандар мен ажал сепкіш дрондарын жібергендер олардың шаңырағын ортасына түсіріп, айлақтары мен астық қоймаларын жоқ қылып, жүректеріне үрей, қорқыныш салғысы келіп еді, бірақ керісінше олардың жүрегіндегі қарсы тұрар қайсар рух пен ерік-жігерді оятып кетті. 

Бір музыкант гитарада әдемі бір импровизация ойнады. Мен дәл осы көше мен бұл қаланың жұпарын, Одессаның стилі мен шуын, дәл қазір ойналып жатқан блюзді жүрегіме сақтап алғым келді. Кешелі-бүгін көрген жандардың сұлу жүзі мен ғаламат қуатын есімде ұстағым келді. Мен коменданттық сағатқа 10–15 минут қалғанда Oasis тобының Live Forever әнін шырқап тұрған қыз-жігіттерді жадымда мәңгі қалдырғым келді. 

Maybe I just wanna fly
Wanna live and don’t wanna die
Maybe I just wanna breath
Maybe I just don't believe
Maybe you’re the same as me
We see things they’ll never see
You and I are gonna live forever...

Бұл қыз-жігіттердің кейбіреуі ертең тағы Запорожье фронтындағы шабуылдаушы бригадалардың біріне барып қосылады, кейбіреуі Николаев пен Херсондағы әскери госпитальда ерікті болып қызмет көрсетеді, енді бірі қираған собор не балабақша үйіндісін тазалауға кіріседі. Ертең таңертең бұл бозбала, бойжеткен сарбаз, еріктілер тағы да өз көшесін, қаласын, Отанын қорғау үшін шайқасады. Ресей кең ауқымды соғысты  басталғалы 500 күн болды, содан бері олар солай етіп келеді. 

 


 

23 шілде 2023
Батыр қала Одесса


 

Автордан:

Материал жинау барысында көмек көрсеткен одессалық еріктілерге зор алғыс білдіремін. 

Іс-сапар барысында қорғаныс жабдықтарын берген Reporters Without Borders (RSF) пен Kyiv Press Freedom Center-ге зор алғыс білдіремін.

Жұмыс барысында Одесса, Одесса облысы территориясында көмек көрсеткен суретші Юлия Юрченко мен ВСУ медицина қызметі кіші сержанты Евгений П-ға көп рахмет.

Материал Kloop Media Foundation-нің қолдауымен жасалды.


 

Украина тұрғындары мен қорғаушыларына көмек бергіңіз келсе, төмендегі қайырымдылық қорлары, ұйымдар арқылы жіберуге болады:

«Гостинна Хата» Одесса гуманитарлық орталығы

«ГО П’ятихатки-БАМ» Харьков еріктілер тобы

«Повернись живим» қайырымдылық қоры

Сергей Притула қайырымдылық қоры

Жарияланған уақыты: 6 Тамыз, 2023 жыл