Украина жазбалары. Көріскенше!

Кітапхана DOCA Украина

Украина жазбалары. Көріскенше!

Мәтін мен суреттердің авторы: Тимур Нусимбеков

Қазақшалаған: Кәмшат Әбілқызы

21 Қыркүйек, 2022 жыл

Украина

Adamdar/CA сайтының негізін қалаушылардың бірі әрі редакторы Тимур Нусимбеков тамыздың басынан бері Украинада болды.Ол орыс-украин соғысы басталғалы бері Украинаға ат басын тіреген алғашқы қазақстандық журналист. Тимур өзінің Телеграм-каналында өзімен жолыққан адамдар жайлы, оқиға, соғыс уақытындағы Украина келбеті жайлы баяндап отырады. Кей үзінділерді біз өзіміздің сайтымызда «Украина жазбалары» айдары аясында топтастырып беріп отырамыз. 

***

Бірнеше күн бұрын мен Украинадан, Козактар елінен үйіме, Қазақстаныма оралдым. Бұл трипті «Қазақ елінен Козак еліне сапар» деп атадым. 

Тамыз, қыркүйек айларында мен Украинаны шарлап, соғысып жатқан өлкенің әр өңірінде қондым. Украинада жүргенде маған Алматының адамдары мен көшелері, Ыстық көл, Алай мен Таулы Бадахшан түсіме кірді. Ал Алматыда Львов кафелері; Киевтің Михайлівська, Одессаның Рішельєвська көшелері; Николаев, Донбас пен Херсоннан лек-лек боп ағылған, батысты бетке алған босқындар мен қоныс аударғандар түсіме кіреді; түсіме тағы батыл козактар — бронежилет пен камуфляж киген, шығыс пен оңтүстікке бағыт алған ЗСУ-дың қыз-жігіттері кіреді, олардың артынан етіктері шаңға бөгіп, қызыл айқышы бар, кей жері оқтан, жарықшақтан шұрық-тесік джип мінген батыр еріктілер мен парамедиктер еріпті; түсімде жігіттермен бірге қайтадан Черниговщина, Полтавщинаны аралап, әрі қарай Харьков облысына барғанымыз, Харьков аспанын қара тұман торлап, Ресей артиллериясы мен ЗАЖ (зымыран атушы жүйе) атқылауынан өртеніп жатқан, бықсып жанған оттан үйлер мен даланы қаптаған көкшіл түтін кіреді. 

Харьков облысындағы украиналық және шетелдік еріктілер тобы (тамыз, 2022 жыл)

Украинадағы бұл апталарда, түн жарымда және таңда мені Киевтік Русьтің көне қоңырау үні мен Қара теңіздің жағаны соққан ауыр толқындары оятып жүрді (шомылуға болмайды, жағалау жақ миналанған), мені ауыр танктің жерді солқылдатқан жүрісі мен әуе дабылы оятып жүрді (бір-екі аптадан соң соғыстың сұрапыл үніне де бой үйренеді), кейде көршілерімнің әуезді украин тілінде тілдескендері де оятты, (одессалық тәтті диалектімен «Не делай мне нервы!»«Жүйкемді жұқартпа!» — дейді Коля ағай әлдекімге, сөйтеді де бар даусымен қарқылдап күледі, ол қарт музыкант әрі жау қолында қалған Донецкіден қашып келген адам, сөйте тұра кейде таза одессалықтарша сөйлегісі келіп кететіні бар).

Ояна салысыммен, бір украин-америкалық жазушының кітабындағы кейіпкердей қайда жатқанымды түсіне алмадым: Одессадамын ба? Киевте шығармын? Әлде Харьковте? Мүмкін Львовта?

Құнарлы да сұлу Украин топырағының мыңдаған шақырымын артта қалдырдым. Биыл бұл топыраққа адам қаны ағыл-тегіл төгілді: Мариупольдан Бучаға дейін, Херсоннан Черниговқа, Салтовкадан Николаевқа дейін төгілді; биыл қара жердің бауырын миллиондаған снарядтар мен бомбалар, қанатты ракеталар тілгіледі; Украинаның мыңдаған шақырым территориясына бидай мен күнбағыс тұқымы емес, танкке қарсы және жаяу әскерге қарсы миналар егілді. 

ДСНС құтқарушылар отряды міндетін орындап келген кез (тамыз, 2022)

Өмірімде өте көп әдемі әрі батыр адамдарды Украинадан басқа жерде көрмеппін. Енді «Героям Слава!» – «Батырлардың даңқы артсын!» деген сөзді естісем, мен әңгіме кім жайлы екенін бірден ұға қоям, олар: Петро, Миколай, Оля мен Полина, Влад, Настя, Евгений, Жорж, Виктория, Сергiй мен Саша, тағы Винс, Володимир, Юля, Гэвин және тағы басқа мен Украин көшелері мен даласынан жолықтырған жандар; олар: украиналық еріктілер, дәрігерлер мен парамедиктер, мыңдаған өмірді құтқарған ДСНС құтқарушылары; олар: глобустың әр нүктесінен козактар еліне өз қалауымен келген шетелдіктер; олар: осы соғыс шындығын жариялап жүрген украиналық суретшілер мен журналистер; олар: ештеңеге қарамастан ақпанда путиндік фашизмге тосқауыл қойып, кейіннен оған қарсы атойлап ойран салған жергілікті қорғаныс саласындағы еріктілер мен Украина армиясы. Бұл адамдар 24 ақпаннан бері тек өздерінің елін де, жерін де путин орктерінен құтқару үстінде, тіпті бүкіл әлемнің еркін елдері үшін де (оның ішінде әлі де болса толық тәуелсіздігін алмаған біз сияқты елдер де бар), тиранға қарсы, неофашизмге қарсы соғысып жатыр. 

Одесса еріктілер орталығында дәрігер алғашқы медициналық көмек көрсетіп жатыр (қыркүйек, 2022)

Мен үшін украиндықтардың топан су келсе, тобықтан деп, мына тауқыметті еңсеруін көзбен көру, олардың табанды Қарсылығына тәнті болу – зор мәртебе болды. Украин халқының мынандай сындарлы тарихи сәтте аяғынан тік тұрып, қанатын кеңге жаюын өз көзіммен көру – зор бақыт болды! Одан да зор ғажайып – Украинаның стратегиялық жолмен қарсы шабуылға шығып, украин козактары өз жерін жаудан азат етіп, жеңіске жақындағаны шабытамды еселеледі. 

Мені қарсы алған, көмектескен, бір жапырақ нанын бөліп берген, бронежилетін шешіп берген, ақтарылып сырын айтқан, кофесін ұсынған Батыс украиналықтарға, Черниговщина, Киев және Киев облысы, Одесса-ана, батыр қала Харьков пен Харьков облысы тұрғындарына дякую, алғысымды айтам.


Щиро Дякую. До зустрічі!
Шексіз алғыс деймін! Қайта көріскенше! 
Слава Україні! Украина жасасын!

18 қыркүйек 2022, соғыстың 207-ші күні 
 


Қазақстандықтар Украина тұрғындарына көмек бере алады. Оған қатысты ақпараттар мұнда: 

Украинаның Қазақстандағы елшілігі

Қазақстанның Украинаға гуманитарлық көмегі ресми штабы

Қазақстанның Украинаға гуманитарлық көмегі штабы

Сондай-ақ Qańtar2022 волонтерлік жобасы туралы да ұмытпаңыз, ол #QandyQantar оқиғасында зардап шеккен қазақстандықтарға, осы оқиға барысында азапталғандарға және құрбан болған қарапайым азаматтардың отбасына қолдау көрсетеді.

#UkrainianDiary2022

Жарияланған уақыты: 21 Қыркүйек, 2022 жыл