Бозжыра шатқалын сақтау қозғалысы Бозжыра мен Маңғыстаудағы басқа да құнды тарихи және табиғи аймақтарды сол қалпында сақтауды, қонақүй құрылысын ұсынылған жерде жүргізуге тыйым салуды және мемлекеттік органдардан Бозжыраны сақтау бойынша нақты жұмыс бастаумен бірге Үстіртті ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік табиғи және мәдени мұраларының тізіміне қосуды талап етіп, қазақ және орыс тілінде петиция жариялады. Бірнеше сағаттың ішінде петицияға екі мыңнан астам адам қол қойды. Петицияға қол қою үшін сілтеме бойынша өтіңіз.
Бірнеше күннен бері жергілікті тұрғындар Бозжыра аймағынан жұмысшыларды, құрылысшыларға арналған вагондарды және ауыр құрылыс техникаларын байқап жүр. Техникалық жұмыстардың жүріп жатқанын Ақтаудағы Lada.kz басылымының тілшісі растады. Бозжыра аймағындағы жұмыс толыққанды қоғамдық талқылаудан өтпестен, экологиялық ұйымдардың наразылығына қарамастан басталды.
Сарапшылар мен экология белсенділері ерекше шатқал болып танылған Бозжыраға үлкен қауіп төніп тұрғанын, Қазақстанның экологиялық нормалары мен заңдары бұзылғанын және «БҰҰ-ның Қазақстан ратификациялаған ақпаратқа қол жетімділік пен қоғамның қоршаған ортаға қатысты мәселелер бойынша шешім қабылдауға қатысуы туралы Орхусс конвенциясының тікелей бұзылғанын» айтады.
Әлемге әйгілі жазушы, зерттеуші әрі саяхаттаушы Пол Салопек Бозжыра мен оның жойылып кету қаупіне қатысты пікірін білдірді: «Бозжыра – Жер бетінде сақталған, табиғаттың өзі сомдаған ұлы жауһарлардың бірі. Коммерциялық құрылыстардың ашкөз иелері жылдам баю үшін шатқалды бүлдіреді. Бұл бірегей тарихи мұраның сақтаушысы – қазақ халқына қарсы жасалған қылмыс қана емес, ол өлкеде мекендейтін түрлердің, олардың арасында сирек кездесетін әрі үркек бөкендер мен арқарлар да бар, тіршілігіне де зиянын тигізеді. Бұл дұрыс ойластырылмаған жоба әлемдік деңгейдегі маңызды ландшафтқа үлкен қауіп төндіріп тұр. Бұған көз жұмып қарауға болмайды.»
Қонақүй жобасы 5 ақпанда Маңғыстау облысындағы Құрық ауылында қоғамдық талқылаудар өтті. Талқылауға жергілікті тұрғындармен бірге Ақтау, Алматы және Астана қалаларынан сарапшылар мен экология белсенділері де келді, 100-ден астам адам онлайн қосылды. Ұйымдастырушылар тарапынан көптеген заңбұзушылықтар болды: тыңдау өткен залда да, Zoom конференцияда да тәуелсіз сарапшыларға, зерттеушілерге және экология белсенділеріне ойын толық жеткізуге мүмкіндік берілмеді, экология белсендісі құрылыс салушы мен мемлекеттік органдардың заңға қайшы әрекеттері туралы және жемқорлық туралы айта бастағанда оның микрофонын өшіріп тастады, сондай-ақ шенеуніктер тәуелсіз журналистердің жұмысына кедергі келтіріп, цензуралауға тырысты.
Қазақстанның био-алуандықты сақтау қауымдастығының сарапшыларымен бірге басқа да экологиялық ұйымдар құрылыс салушының жобасынан көптеген кемшіліктер мен олқылықтарды байқады.
Тақырыпқа қатысты жарияланған мақалалар:
«Бозжыраны құтқару» — Ажар Жандосовамен сұхбат
«Бозжыра: жер беті мен тылсым арасы» — мәдениеттанушы Зира Наурызбаеваның Бозжыра шатқалының қазақ танымындағы киелі ұғым турасындағы толғанысы
«Белсенділер Бозжыраны құтқаруды талап етуде»
«Бозжырадан жеткен оң хабар»
«Бозжыраға қайтадан қауіп төнді»
«Пол Салопек — Бозжыраға төнген қауіп туралы»
Adamdar/CA редакциясы Бозжыра шатқалына қатысты мәселені назарда ұстайды.